Первый Специализированный-Республиканский информационный Агро Вестник «СЕЛЬСКОЕ ХОЗЯЙСТВО КАЗАХСТАНА», тел. 8(7252) 53-69-45, моб. 8 747 881 81 97 / 8 701 275 10 25 E-mail: agrovestnik.kz@mail.ru


АҚДАЛА АУЫЛЫНЫҢ АЖАРЫ

Опубликовано в Жаңалықтар Воскресенье, 18 Август 2013 16:23
Оцените материал
(1 Голосовать)

Аптапта асыққан көлігіміз «Ақдала» ауылына бет алды. Аңсарымыз ауған ауылдың табиғаты тамылжып-ақ тұр. Бел жазбанған шаруаның кәдуілгі тыныс-тіршілігі. Жер төсін емген.

Әуеге бір жалтақтап, үкіметке екі жалбарып дегендей. Диқанның өзі күтіп-баптаған егістік алқабына мейірімі де ақынжанды немедей асып төгілмесе де бір бөлек дүние. Даланы дарқан деп жатамыз. Әлбетте, әсірелеуден бөлек. Ашық қол берегендігіне бола. Сол берегендіктің өз бедері болса керек. Жердің қыртысы мен құнарын құр қопарғанмен болмайды. Қодар күшің құры алақан қалдырады. Қарыныңды тойдырмайды, мейіріңді қандырмайды. Ала жаздай бекерге ала өкпе боларсың. Демек, шаруаға ең керегі Жер-Анаға мейірімді ыстық ықыласы. Анау-мынау деп төс қақпайтын, кеудесін босқа сабаламайтын. Шаруаның қамы шаш-етектен. Жерге дән сепкеннен, қылтиған көк өскінді баладай мәпелегеннен. Қашан қалың өнімге қолы жеткенше, көңілі орынына түскенше.

– Қиыншылықтар бар шығар? – дейміз. Қағілез шаруаның бірі сөзге есесін жібермейтінін байқатқысы келгендей:

– Қиындықсыз өмірдің несі қызық? Әрине, баршылық. Біз соларды жеңеміз деп кетпен ұстап жүрген жоқпыз ба, – деді жұлып алғандай.

Мәз-мәйрам күлістік. Әлбетте, шаруа баласының орынды уәжіне, ұтымды һәм ұстамды жауабына. Шалымы мен ширақтығына. Шаршау білмейтін қажырына іштей қуанып қалдық.

Әңгіменің шырайы кірді, осылай кілті табылды. Шаруа ағайынның дені мосқал тартқан. Алпысын алқымдағандар, асып жығылғандар. Заманында кеңшардың агрономы, бригадирі болып атқа мінгендер. Қалаға қоныс аударып, жылы жаққа қанат қағып кетпегендер. Ауылдың тартылыс күшін жан-тәнімен, даңғыл ділімен тереңнен түсінгендер. Қындықтың бәріне үн-түнсіз шыдаған, иығымен көтеріп алған ауыл қайсарлары. Қырық жылдан артық қасқайып төтеп бергендер.

– Жастар ауылға қайрылмай бара жатыр. Бас салып оларды қаралаудан аулақпыз. Дегенмен осы жағы көбірек ойландырады. Әрине, ауылда жұмыс жоқ, көсіп-көсіп айлық төлейтін. Мұны түсінеміз ғой. Ауылда жұмыс жоқ емес бар, бірақ оның бейнеті ауыр, қиын деп қашып кететін.

Мына біздің қолымыздағы кетпенді алуға, солай қолымызды босатуға енді ешкімнің көңілі соқпайды. Даланың тілін білетін күсті қолдардың бай тәжірибесі осылай біздің өзімізбен бірге өше сала ма, көше сала ма. Амалсыз осы сауалға тосыламыз, тұйыққа тіреле береміз.

Шаруамыз дөңгеленіп келеді. Біреуден ілгеріміз, біреуден кейінбіз дегендей. Жата-жастанып өзіміз зәру жаңа техникаға да қол жеткердік. Алайда оларға отыратын, ие болып тілін білетін жасты таппай аңтарылып жүрміз.

Жекешелендіру науқаны басталғанда елмен қатар меншігіне 1-2 гектар жер үлесі тигендердің тұйық мінезімен санаспай болмайды. Әрине, қорқады, оған себеп жетерлік. Сондықтан оңаша бұзауын місе тұтады. Азғантай жерін бейнеті ауыр мақталыққа айналдырғысы келмес. Одан да өзін күйіттеп, бақшасын салғанды, қауын-қарбызын өсіргенді дұрыс санайды. Бала-шағасынық тамағын асырағанды. Ендеше, оларға өкпелеу де орынсыз. Бұл өз күнімді көріп жүрмін дегені шектеулі ұғым. Заманға сілтейді, адамға сілтейді, әйтеуір, бет бақтырмайды.

Ақдаланың жері тоза қоймаған, сорға сорылмаған. Содан болар мұндағы өнім молырақ, шаруаның көңілі тоқтау.

Тамшылатып суарудың израилдік тәсілін құптай бермейміз. Өйткені, олардың қондырғылары жері құмдақ белбеуге лайықталған. Оларға қарағанда түркиялық суару қондырғылары Ақдалаға икемдірек.

Бұрындары көбірек егелетін, ал биыл 260 гектарға егілді. Демек, танап қысқарып барады. Мұны бір себебі – бұрын егінді молынан салу тиімді болатын. Әрине, шаруаның өзіне. Су өз бетімен ағып жете алмайды. Ақабасы емін-еркін ағып жетсе, әрине, жатпай-тұрмай көбейтуге жан салар ек. Екі-үш жыл бойына жамылғының астына жасырып өсіруді байқап та көрдік. Мұның қиыны сол, не кетпендей алмайсың, не трактор жібере алмайсың. Қаулап кеткен арамшөптен құтылуың мүмкін емес. Мақталықты әр он күнде бір суарып отыру, тыңайтқышпен жемдеу керек қой. Қарықтарды осыған шақтап өңдеп үлгере алмаймыз. Жамылғы астынан мол өнім алуға болады. Бұл жақсы болғанымен қосымша бейнетін қайтеміз. Әсіресе культивация жасау әсте мүмкін емес.

Екінші қиындық су шығаруға жұмсалатын жағар май немесе электр қуаты бағасының қымбаттығына орай орын алып келеді. Тапқан табысымызды мұның орнын жабамыз деп жүргенде жегізіп қоямыз.

Мақтаны қолмен тергеннен гөрі техникамен жинау тиімдірек. Арзандау түсетін болғасын, әрине. Терімнен соң мақтаны зауытқа жеткеріп тасуға, оны өңдеуге көп шығындаламыз. Сондықтан тиісті деңгейде бағаны реттеуді шешкенін орынды санаймыз. Бұрындары шығынымыз өтелетіндіктен жағдайымыз дұрыс еді. Шығын өтелмесе әрине құлдырай береміз.

Қосымша құн салығын алып тастауға уәде бергенімен, ол орындалмады.

Шаруаның қиыншылықтары, тыныс-тіршілігі, міне, осындай. Әрине, ұйыққа батып қалмаудың, одан тезірек құтылудың жолдары қарастырылуда. Біз де олардың тынымсыз тіршілігіне табыс тілейміз.

Прочитано 2756 раз Последнее изменение Воскресенье, 18 Август 2013 17:40
Другие материалы в этой категории: « АУЫЛДЫҢ ФЕРМЕРІ НӘБИХАН АТА
                 © Копирование информации разрешено с разрешения владельца сайта,
или с указанием активной гиперссылки на наш сайт, как на первоисточник информации