Первый Специализированный-Республиканский информационный Агро Вестник «СЕЛЬСКОЕ ХОЗЯЙСТВО КАЗАХСТАНА», тел. 8(7252) 53-69-45, моб. 8 747 881 81 97 / 8 701 275 10 25 E-mail: agrovestnik.kz@mail.ru


МАҚТАШЫНЫҢ МАҚСАТЫ АЙҚЫН

Опубликовано в Жаңалықтар Пятница, 16 Август 2013 16:17
Оцените материал
(2 голосов)

Осыдан алты жыл бұрын, яғни 2007 жылдың 21-шілдесінде, «Мақта саласын дамыту туралы» заң қабылданды. Бұл заң статусы республикадағы қосалқы шаруашылықтарды стратегиялық маңызы зор, әлеуеті мол сала деңгейіне көтеріп, оны дамытудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындады және елімізде мақтаны өндіру, өңдеу, сақтау және өткізу үдерісінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеді.

Қысқасы, заңның арқасында шитті мақта өндірісі еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде өзіне лайық орнын иеленді. Алайда, екі-үш жыл бұрынғы Мақта заңына толықтырулар мен өзгертулер ендіру, яғни жетілдіру туралы ұсыныстар айтыла бастады. Өмір, өндіріс талабы дегендей. Нарықтық экономиканы дамытқан демократиялық елдегі әдеттегі үрдістер. Ал соңғы жылы бұл қажеттілікті Үкімет те, Парламент те жете түсініп, «төменгі жақтың» бастамасы қолдау тауып отыр.

Сонымен, маусымның 7 жұлдызында Жетісайда ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі Мүсілім Өмірияевтің, «Атамекен одағы» Қазақстан Ұлттық Экономикалық палатасы басқармасы бастығының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаевтың қатысуымен мақта саласын дамыту және қолданыстағы заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде көшпелі кеңес өткізілді. Басқосуда Мақтаарал, Шардара, Түркістан аудандарының өкілдері пікір алмасып, ұсыныстарын жасады.

Кеңесті облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов қысқаша кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов мінбеге алғашқы болып көтерілді.

- Қолданыстағы заңға бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Неге десеңіз, өндірушінің де, ұқсатушының да, бизнес өкілдерінің де көңілдері толмай жүр,- деп бастады өз сөзін Розақұл Сатыбалдыұлы. - Ұсыныстар көп, заң тиімді болуы керек. Мақта саласын дамыту туралы заңды жетілдіру Парламент Мәжілісінің іс жоспарына енгізілді, палата жетекшілері қолдап отыр. Мен осыған байланысты ұйымдастырылған комиссияның төрағасымын. Заңдағы 15 бапты мұлдем алып тастауды ұсынамын - бұл мақта ұқсатушылардың талабы. Зауыттар тиымға сәйкес трейдерлік компаниялар құрды. Аты бар да, заты жоқ құрылымдар. Бұл әрекеттер тек шикізатты ұқсатудың қымбаттауына алып келуде. Екінші мәселе - ұсақ отбасылық құрылымдарды ірілендіру, үшіншісі - ауыспалы егіс тәсілін ендіру, мақта қолхатын пайдалану. Соңғы құжат заңда болғанымен, қолданыста жоқ.

Депутат, комиссия төрағасы айтқандай, ұсыныстар негізінде заң жобасы дайындалды. Өнімділіктің төмендеп кетуі ұйымдастыру мәселелерін (ірілену) түбегейлі шеше алмауда. Бұл заңға, оның баптарының «істемей» тұрғандығына байланысты емес. Р.Халмұрадов атап өткендей, қарапайым тәртіп те керек. Заңды құрметтеуді, оның талаптарын бұлжытпай орындауды сана-сезімімізге ендіре қойған жоқпыз.

Кеңесте Парламент Мәжілісінің депутаты жасаған хабарламадан соң сөз кезегі Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы И.Үмбетаевқа берілді. Газет түсінік жұмыстарының бастауы, сондай-ақ Ибадулла Изатілләұлының мүддесін тек бір жақт көздемейді. Ол кісінің кешенділікті қамтамасыз еткені үшін, әкімшілік кедергілерді азайтып және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мақта саласының қолданыстағы заңнамалық және нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгертулер енгізу бойынша ұсыныстарын толығымен жариялауды жөн көреді.

1.      Қазақстан Республикасының "Мақта саласын дамыту туралы" Заңына өзгертулер енгізу: 15-баптан 1 "Мақта өңдеу ұйымының қызметін шектеу" тармағын алып тастау.

2.      Мақта егісіне тамшылатып суару сияқты инновациялық технологияларды енгізуге субсидиялар бөлуді арттыру. Анықтама: аталған шара ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ірілендіруге және шитті мақта өнімділігін 1,5-2,0 есе арттыруға ықпал етеді.

3.      Облысымызда шитті мақта өндірісімен 20 мыңнан астам шаруашылық

айналысады, олардың 60%-ының жер алқабының көлемі 5 гектардан аз. Шаруалар осы

алқаптарда жыл сайын мақта егіп, ауыспалы егісті сақтамағандықтан топырақ құнарлылығы нашарлайды және нәтижеде шитті мақта өнімділігі мен сапасы төмендейді. Сонымен бірге, мақта егістік алқаптары жыл сайын қысқаруда және сәйкесінше өндірілген шитті мақта көлемі де төмендеуде. Бұл өз кезегінде мақта өңдеуші зауыттардың толық қуатында жұмыс істей алмауына соқтарыды. Ауыспалы егісті сақтамаған шаруа қожалықтарына қатаң шара қолдану қажет, бұл ұсақ шаруа қожалықтарының іріленуіне жағдай жасайды.

 4.     ҚР «Мақта саласын дамыту туралы» Заңы 2007 жылы қабылданған болса да мақта қолхаттары екінші дәрежелі банктер және ауыл шаруашылығы министрлігінің несие ұйымдары тарапынан да кепілдік үшін құнды қағаз ретінде қабылданбайды. Осылайша мақта қолхаттары жұйесі қағаз жүзінде ғана қалып тұр. Шаруа қожалықтарына несие алуда мақта қолхаттарын кепілдік ретінде қолдануда Үкімет тарапынан жәрдем беру шараларын жүргізу керек.

5.      Мақта талшығының әрі қарай өңделуі үшін ішкі нарықтағы сатылу бағасын субсидиялау. Мысалы: Ливерпуль биржасындағы баға - 30% бұл ішкі нарықтағы сатылу бағасы, ал 30%-ын мемлекет мақта талшығының сатушыларына субсидия түрінде төлейді, сол арқылы мемлекет тоқыма өндірісінің дамуын ынталандырған болар еді.

6.      Шитті мақтаны өңдеуді дамытуды ынталандыру мақсатында ұқсату үшін алынатын ҚҚС (НДС) салығын жоюды ұсынамыз. Мақтаны ұқсату ұйымдарына шикізатты мақта талшығына өңдеу жұмыстары үшін субсидияларды шет елдегі өңдеушілерге берілген сияқты төлем.

7.      Мақта өнімділігін арттыру мақсатында субсидиялар төлеу тізбесін өзгертуді, егістік алқаптың әр гектарына субсидияларды 2,5-3,0 есе көтеруді ұсынамыз. Бұл шаралар шаруа қожалықтарын өнімділікті арттыру мақсатында жұмыс жасауына ынталандырады.

8.      Жер телімдерін шаруа қожалықтары үшін дайындауда ҚХР-ң тәжірибесін қолдану. Қытайда мемлекет өз қаржысы есебінен тамшылатып суарудың (магистралды құбырлар, электр желілері (ЛЭП), трансформатор станциялары, ішкі каналдар және сорап (насос станциялары) инфрақұрылымын жасайды, кейін шаруа қожалықтары дайын инфрақұрылымға ие, жер телімдерін кез-келген ауылшаруашылық дақылын өсіру үшін уақытша пайдалануға алады.

9.      Агротехникалық талаптардың сақталуын және тапсырылатын шитті мақта сапасы бойынша мемлекеттік талаптардың сақталуын қадағалайтын ұйымдардың жұмысын кұшейту керек, сонда мақта талшығының сапасы жоғарылайды.

10.    Ресей және Беларусь мемлекеттері Қазақстан мақта талшығының негізгі сатып алушылары болып табылады және осы елдер Қазақстанмен бірге Кедендік одақ құрамына кіреді. Қазақстан Республикасының Ресей және Беларусь елдерімен жыл сайын осы елдерге тіркелген көлемде мақта талшығының кепілдемелік жеткізілімі жөнінде мемлекетаралық келісім-шарт түзілуіне Үкіметке ұсыныс енгіземіз. Аталған шара мақта талшығының және сәйкесінше шитті мақтаның сатып алу бағасын тұрақтандыруға, делдал ұйымдардың араласпауына жағдай жасайды.

11.    Мақта-тоқыма саласына өте қажетті ІІІ типті (жіңішке және ұзын талшықты) және ВІ мақта сорттарын шығаратын ғылыми жұмыстарға жеткілікті қаржы бөлуді ауылшаруашылығы министрлігінен сұраймыз.

12.    Тұқымдық шит дайындау, оны егу саласында тұбегейлі өзгерістер жасау керек. Тек қана сертификатталған тұқым егілу керек, оның II репродукциядан төмен болмауы керек.

Сонымен қатар, жетілдірілген заңның ауадай қажет екендігін атап өткен Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мұшесі И.Үмбетаев мырза мынадай фактілерді келтірді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі мақта өсіретін мемлекеттердің арасындағы рейтинг бойынша Қазақстан 11 орында, шикізатты өндіруде - 18 орында. Сондықтан, алдағы кезде Қазақстан мақтасының өз котировкасы болғаны абзал. Кемшіліктер көп. Мысалы, зауыттардағы сорттарды араластырып жіберу тұқымдық шит дайындауды жоққа шығарады. Мақтааралдың өзінде 25-30 мың гектарға бақша дақылдары егілуде. Осыған орай су үнемдеу технологиясын іс жүзінде ендірген абзал. Ал институт ұсынып отырған қор үнемдеу технологиясына көшпесек 5 жылдан соң кеш болады.

Кеңесте бірқатар азаматтар өз ұсыныстарын айтты.

Тұрғанбек ҚАНАЕВ, "Ақ орда" өндірістік кооперативінің төрағасы (Шардара):

- Мақтаның бағасы - ең қиын мәселе. Оны қалай реттеу керек? Зауыттардың алғашқы ұқсатуға қойған бағасы өте қымбат. Сондықтан, ұқсатушыларға да жеңілдіктер болса. Ал шын мәнінде ұқсатушылар өндірісшілерді қаржыландырып отыр. Заңдағы 15 баб туралы. Зауыттар қойма емес, кезінде мұны тұсінбедік. Олар өнімді сатуға мүмкіншілік алулары керек. Бұдан басқа бір айтарымыз сол, субсидиялар уақтылы берілсе екен.

Елемес САБЫРОВ, зейнеткер:

 - Биотәсілге жаппай көшіп, бұл талап жетілдірілген заңда болсын. Сол биолабораториялар мен фабрикалардың сертификаттары болғаны ләзім. Сапа зертханасын да ашу керек.

Бегім СЕРІКОВ, еңбек ардагері, «Сырдария» университетінің профессоры:

- Қолданыстағы заң аясында мақта шаруашылығының бәсекеге қабілеті бар ма? Алдымен осы сұраққа жауап іздейік. Мақтааралда бақша дақылдарының көлемі 30 мың гектарға жақындап қалды. Табысты сала. Мақта қауын-қарбыздармен бәсекеге тұсе ала ма? Менің үш ұсынысым бар. Біріншісі - бірігу, ірілену. Он жылдан бері айтып, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Іріленбейінше ешқашан инновацияларды өндіріске ендіре алмаймыз. Құрылымдық өзгерістерге жетудің екі жолы бар. Директивті, яғни бұйрықпен. Екіншісі, нарықтық реттеу. Біріккендерге заң жұзінде көптеген жеңілдіктер беру. Субсидия, салық, т.б. Іріленген агроқұрылымдарда ең кемінде 100 гектар жер болуы тиіс. Екінші ұсыныс - қолданыстағы заңнан 15 бабты алып тастау. Үшінші өзгеріс еліміздің мақта саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіншілік береді. Қазақстанда мақта қорын жасау керек. АҚШ тәжірибесінің біздерге ыңғайлы жақтарын қолданып, өндірілген мақтаны мемлекет сатып алса. Баға мәселесі өте өткір, ол сұраныс пен ұсынысқа байланысты болғанымен оны тұрақтандырудың көптеген жолдары бар. Мысалы, Мақтааралдағы мемлекеттік зауыт соның құрамасы есебінде. Тағы да бір мемлекеттік зауыт салынсын.

Абай САҒИТОВ, "Қазагроинновация" АҚ өсімдіктерді қорғау мен карантин ғылыми-зерттеу институтының қызметкері:

- Биотәсіл 1998 жылдан бері қолданыста. Алайда нәтиже межелегендей емес. Бізде барлық мәселе іріленуге келіп тіреледі. Шағын жер учаскелерінде тиімділік болмайды. Биотәсілге де бақылау қажет, тәуелсіз зертханалар жоқ. Осы талаптар да өзгертілген заңда болса деген ұсыныс бар.

Набаткүл БАЙТАНАЕВА, іріленген шаруа қожалығының төрайымы:

-Ірілендік. Қарамағымызда 314 гектар суармалы алқап. СТК құрдық. 1007 гектарды қамтиды. 286 ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп отыр. Арзандатылған тыңайтқыш та, солярканы да дау-дамайсыз бөліп бердік. Субсидия алу үшін құжаттарды да өз мезгілінде рәсімдедік. Ауыл өндірісшілері құрылымына өз еркімен қосылып жатыр. Ұсынысым мынадай: мақтаны мемлекет сатып алсын. Мақта қолхаты қолданысқа енсін. Мұндай құнды қағаздар бізге керек. Сонымен қатар, шағын мақта ұқсату зауыттарын ашуымыз қажет.

Хабибулла АЗИМОВ, «Тұран» шаруа қожалығының төрағасы, Түркістан:

- Өнімділік төмен. Мақта өндіруде жауапкершілік туралы баб керек. Екіншісі - ірілену мәселесі. Ең кемінде 200 гектар, орташасы - 1500 гектарға дейін. Сонда ғана өндіріс тиімді болады. Мақта ұқсататындарға да субсидиялар берілсін. Үшінші ұсыныс - жер салығын көтеруге негіз жоқ. Жерге ешнәрсе екпей жатқандарға үстеме салық салынсын. Төртінші талап - мақта талшығы. Өз елімізде қалып, тоқыма кластері жалғасын тапса. Тоқыма өнеркәсібі мен мақта өндірушілерді біріктіру қажеттілігі бар.

Мекенбай АТАБАЙҰЛЫ, байырғы агроном, шаруа қожалығының төрағасы:

-15 бабты алып тастау жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Мемлекеттік зауыттардың санын арттыру қажет. Агроном ретінде тұқым жөнінде айтарым бар. Бұл көзбояушлықты заң талаптарымен тоқтатқан жөн. Сортты араластырып, қарапайым талаптарды орындамай жатқандар заң бойынша жазаға тартылса. Сонда барып саланы дамытамыз. Бақша көбейіп кетті. Қауын-қарбыздар пәлекте қалып кетпеуі үшін мемлекет қол ұшын беріп, тұрақты негізде келісім-шарт жасауға септігін тигізсе.

Тойгүл САТЫБАЛДИЕВА, «Тойгүл» биозертханасының меңгерушісі:

- Заңға биотәсілді субсидиялау енгізілсе және өндірушілерге де мемлекет ақшасы берілуі қажет.

Тойым ЖҮНІСОВ, еңбек ардагері:

- Елімізде арнайы агробанк ашылса ауыл өндірушілерін қаржыландыру мәселесі өз шешімін таба бастайтын еді.

Көшпелі кеңесті қорытындылай отырып, Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов залдан қойылған бірнеше сұрақтарға жауап берді.

Өнімділік - сала табысының негізі. Оны арттырмайынша ешқандай өзгерістер болмайды. Астық өндірісінде ірілену мәселесі өз шешімін тапқандай, ал мақта шаруашылығында   консервативтік   көзқарас   басым.   Мақта   саласын   дамыту   туралы

заңның бес бабы жұмыс істемей тұр деп айтылып жүр. Ал мамандар мұндай бабтардың он бесі бар дейді. Заң толықтырылады, өзгертіледі. Жыл соңына дейін жетілдірілген түрін қабылдау қажеттілігі бар. Алайда, ұсыныс беруде әдеттегіше формализмге жол берілмесін. Әрбір пікір жазбаша түрде болып, ұсыныстар тіркелуі тиіс. Шаруа қожалықтары қол қойып берсін. Қазір жоба бар. Көпшілік онымен таныссын. Мақташы қауымы осы үдерістің өмірлік маңызы зор екендігін жақсы тұсінетін шығар. Ал арнайы банк ашу мәселесіне келгенде мынадай жауап берілді. Қазір бір салаға арналған банк ашуға тиым салынған. Мемлекет жағына тоқталатын болсақ, "Қазагроқаржы" холдингі ұсақ шаруашылықтармен істегісі жоқ. Қаржыны қайтаруы қиын. Сондықтан, бұл үдеріс те ірілену проблемасына байланысты. Оған қазірдің өзінде заңнамалы негіздер бар. Жетілдірілген заңда субсидия мөлшерлері көрсетілмейді. Кейін біріккендерге берілсін, жекелері - ақшасыз қалсын деген нарық талаптарына сәйкес емес. Мемлекеттік қолдау, мысалы, субсидиялау - бұл Үкімет құзіретіне кіреді.

Төңірберген ИСАЕВ, Алтынбек ТАСТАНБЕКОВ.

Прочитано 3168 раз Последнее изменение Воскресенье, 18 Август 2013 17:41
                 © Копирование информации разрешено с разрешения владельца сайта,
или с указанием активной гиперссылки на наш сайт, как на первоисточник информации