Первый Специализированный-Республиканский информационный Агро Вестник «СЕЛЬСКОЕ ХОЗЯЙСТВО КАЗАХСТАНА», тел. 8(7252) 53-69-45, моб. 8 747 881 81 97 / 8 701 275 10 25 E-mail: agrovestnik.kz@mail.ru


Дәурен АЙТБАЙ, Ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық агроөнеркәсіп саласының ОҚО аумақтық испекциясы бастығы.

Опубликовано в Жаңалықтар Пятница, 16 Август 2013 16:11
Оцените материал
(0 голосов)

МАҚТА ДА ЖАНДЫ ТІРШІЛІК

- Дәурен Қалиұлы, су жаңа басылымның атынан келіп қалдық. Ақ алтынға баланған Оңтүстіктің мақтасы ұлттық бір мақтанышымызға айналса деген саланың беделді бір маманысыз.Сондықтан мақта шаруашылығының бүгінгі ахуалынан сыр бөлісуге қалайсыз?

- Мақтаны әппақ түсіне қарай ақ алтынға балағаны, әрине, орынды. Оны ертеден-ақ ерекше бағалаған. Мәселен, мақтадан оқ-дәрі жасалады, оны ешбір химикат сірә алмастыра алмайды. Сондай-ақ мақтадан қағаз алынады. Мұны сіздер жақсы білсеңіздер керек.

Оның жылу өткізгіш қабілеті жоғары. Өзі күннің көзін жақсы көретіндіктен күнгейде өсіріледі. Оңтүстіктегі ең теріскей нүктеміз – Түркістан ауданы болып есептеледі. Біздің тілімізге жатқарғанда ең жоғарғы белдеу. Кез келген дақыл ең әуелі суды керексінеді. Мақта алайда су нәрімен өркен жайып, бойын тіктеп алғасын суды керексінбейді, шөліркей қоймайды. Оның көсегі күннен күнге жылуды іздей бастайды. Мейірімді керексінеді.

- Мейірім дегенде күн көзінің жылуын ғана айтып отырсыз ба?

- Жоқ, әрине. Өзін күтіп-баптайтын еңбек адамының да жан жылуын керексінеді. Жалпы, өсімдіктер әлемі адамзаттан, жануарлардан кейінгі жанды тіршілік екені мойындалған шындық. Әсіресе, мақта. Өзі үлпілдек, әппақ, жұмсақ, нәзік өсімдік емес пе. Қысқасы, мақта да жанды тіршілік екенімен санасайық.

Әлбетте, мақта талшығының кемеліне келуі күннің жылуына тікелей бағынышты. Бәрібір оның өсуіне қолайлы жағдай жасайтын, мәпелейтін адам. Мақтаны өз игілігімізге жаратуға бола өсіреміз, ендеше оған өзіміз де мейірімді болайық. Айтпағым осы.

- Бәрекелді Дәурен Қалиұлы. Адамға да жүрдім-бардым қарайтын кейбіреулер барда мынауыңыз тәлімді, әсерлі сөз екен. Қазақстан Республикасының «Мақта туралы» заңы қабылданды. Мақта шаруашылығында арнайы заңның ықпалы қандай?

- Өз басым аталмыш инспекцияға министр Күрішбаевтың тұсында келдім. Заң, әрине, жұмыс істеуде, ілгерілеуде. Дегенмен өзгерістер мен толықтырулардың артықтығы болмас еді. «Мақта кестесі» ұлғайғанымен, оны 2-дәрежелі банктер мен коммерциялық ұжымдар сатып алуға құлықсыз боп отыр. Негізгі себеп қаржылық тұрғыдан өзін толығынан ақтамайтынында. Пайда келтірмеуінде. Мұның зардабын мақтаны өсірушілер тартуда.

Мақта өсірушінің менталитетімен есептессек бәріне қаныға түсеміз. Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарында мақтаны өсіруге ел төселіп қалған. Пайда көрмегесін, өзіндік құны төмендеп кеткесін жаппай қауын егуге кірісті.

Бәсекелестік жоқ. Кеңес үкіметі құлағасын мақта саудагерлері Қытайдан да ағылып келе бастады. Әрбір екінші мақтааралдық бүгінде мақта сатады. Өндіріс орындарын қарызға ақша алып көтердік. Жер-Анаға нені сепсеңіз де ақырына дейін маңлай теріңізді сыпырыңыз, ештеңеден тартынбаңыз. Сонда ғана қарымтасы болады. Мол өнімге жетесіз. Мақтаарал ауданына Тұрбеков әкім болып келісімен агротехникалық іс-шараларды, жаңа технологияны батыл қолға алды. Нәтижесі көп күттірмеді. Еңбек өнімділігі өсе түсті. Шит дер кезінде себіліп отырды.

Мақтануға әлі ерте. Агротехникалық іс-шаралар 40-45 пайызға жүргізіледі. Ал АҚШ-та, Қытайда бұл көрсеткіш 70-75 пайызды құрайды.

Жаңа технологияларға ден қойғалы тамшылатып суару әдісін қолға алдық. «Агроөнеркәсіп-2020» бағдарламасы қабылданды. Субсидия бөлінуде. Мақтааралда биофабрика жұмыс істеп жатыр. Жылыжайлар көбейе түсті. Ал оларда химиялық тыңайтқыштарды қолдана алмайсың. Зиянкестер бұрын да болған, әлі де бола береді. Ауылшаруашылығы министрлігі заманауи жабдықтар алуды қаржыландыруды қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.

Заңды өзгерістермен толықтыру дегенде айтарым осы. Мәселен, 15-бапта мақта өңдейтін зауыттарға сауда-саттықпен айналысуға тыйым салынған. Бұл ахуалымызды қиындата түсті Нарық өз заңдылығымен жүріп-тұрады.

2005 жылы мақта кластерін ашуға шешім қабылданды. Алайда, бір бірінсіз күні өтпейтін мақта өндірушілер мен өңдеушілер арасында түсіністік болмағандықтан іс алға баспай қалды. Айталық мақтаны өңдеушілер фьючерстен 200, тіпті 300 пайыз пайда көргісі келеді. Бұлай ауызды аша берген дұрыс па. Ал кластерлік шаруашылықтар мақта келісін 80 теңгеден сатып алады да, оны өңдегеннен кейін 2-3 мың теңгеден өздері сатады. Өңделген мақтадан 2-3 пайыз мөлшерінде қалдық қалады. Шұлқаны мал шаруашылығында азық-жемге қолданады.

- Ақпарат аса бағалы заманда өмір сүріп отырмыз. Өмір жылдан жылға алға басуда, онымен бірге жаңа ақпарат пайда бола бермек. Бұл жөнінде, қандай ақпаратпен, не бөлісер едіңіз?

- Көп нәрсені айтуға болар. Ленинградта оқыдым. Сонда бір ұстазым «мақта өзі біржылдық па, көпжылдық өсімдік пе?» деп сұрады. Жыл сайын егілетіндіктен біржылдық болар деп ойлаушы ем. Осы ойымды айттым. Сонда ұстазым күліп:

- Білмейді екенсің. Мақта ағаш тұқымдас өсімдік емес пе. Демек, көпжылдық  - деді. Басқа да ағаш тұқымдастары секілді.

Америкада, Мысырда, Африкада мақта қалай жиналады? Әрине, білмейміз. Туристер барады, көреді де қызықтайды. Әрі қарай бас ауыртпайды. Сондықтан да бізге ақпаратпен жұмыс істей алатын адамдар өте-мөте керек.

Мақтааралда еңбек ететіндер мен түркімен мақташылары бөлек. Өзбек мақташысы мен Ордабасының шаруасы бөлек. Ақпараттық деңгейдегі ала-құлалықты айтам. Сондықтан да өз шаруаларымызға агротехникалық, мақта өңдеу іс-шараларын, ақпаратты жеткеріп, түсіндіріп отыруға міндеттіміз. Бұл жұмысқа көптеп тарта білу қажет. Айталық, қайтарымсыз көмектесе алатын банктерді неге құрмасқа? Субсидия аса көмектесе қоймас. Кооперативтердің пайдасы молырақ көрінеді. Мәселен, шет елдерде субсидияны мүлдем қолданбайды. Банкте техникалық ұйымдастыру жұмыстарына ұзақмерзімді несие бөлуге неге болмасқа.

Біздің облыс тұрғындарының үштен бірі мақта шаруашылығымен күнелтеді. Ендеше, мақта шаруашылығының банкіне шаруаға қол ұшын беруіне де, табыс табуға да болады ғой.

Зауыт болса, өз шығындарын өтеуге ғана жұмыс істейді.

- Сізге бір қызықтау, бәлкім оқыстау сауалым бар. Мақта өндірушінің өнімін коммерциялық ұйымдар да, мемлекет те бірдей бағаға сатып алады екен. Айталық, өткен жылы 85 теңгеден. Мемлекеттің ақшасы халыққа қызмет етуге тиіс. Ал жеке меншікке мұндай талап қоя алмайсың. Ендеше, мемлекетке неге шаруаға қол ұшын созбасқа? Рентабелдік 70 пайыз. Коммерциялық ұйымдар тапқан пайдасын өз басына жұмсайды. Сол үшін де жұмыс істейді. Ал мемлекет ше? Пайдасын кімге жұмсайды?

- Әлгінде мен айтқан арнайы банктер мемлекеттің осынау табысын ұтымды пайдалана алады демекшісіз ғой. Серіктестіктердің несиесін ұйымдастыруға иә болады. Механизмдері көп, акцияларды жұмыс істету керек-ақ.

Бірігуіміз керек. Әркім өз басын ғана күйіттеп жүре бергеннен пайда өз аяғымен келмейді. Түсіністік, өзара көмек қажет. Пайда тапқан кісі тәуелсіз еркін болды. Бәсекелестікке жол ашылады. Бәсекелестік барда басы артық шығын жоқ.

Бізде тек шығынға жұмыс істеп келеді. Мысырда, мәселен, минимизацияға ерекше мән беріледі.

Зауыттар тап осы мәселеде үлгі танытса кұба-кұп болар еді. Заң тауар өндірушінің жағында болуға тиіс. Әрине, өнімді өңдеушінің мүддесін де аяққа таптамасын. Тепе-теңдікті сақтай жүрсін. Біреуіне ғана болыса беру жарамас.

- Заң жұмыс істейді екен. Демек мемлекеттік қолдау, түсіністік бар ғой...

- Керісінше қолдауға зәруміз. Салық тым жоғары. Үкімет палаталары депутаттарының бәрі бірдей мақта шаруашылығымен таныс емес. Депутаттар арасынан Сенат депутаты Қүаныш Айтахановты, Мәжіліс депутаты Рзақұл Халмұратовты атауға болады. Мақталы өңірлерде жұмыс істеген, басшылықта болған. Ал мақта шаруашылығынан бейхабар депутаттарға қалай өкпелейсің.

- І сұрыпты мақта мен ІІ сұрыпты мақтаның бағасында, әрине, айырма бар. Осыны немен түсіндіре аласыз?

- Бар мәселе мақта шитінің жоғары сапасында. Сапа неғұрлым жақсы болса сұрпы да жоғары. Ал баға сұрпына, яғни сапасына қарай белгіленеді. Жұмыс көп әлі де атқарылатын. Мақтааралдағы тәжірибелік стансаның директоры Ибадулла Үмбетаев осы бағытта еңбектенуде. Мақтаны механикалық жолмен жинаған дұрыс. Мақта ұлпасының лас болуы оның сұрыптығына 20 пайызға дейін әсер етеді. Кеңес заманында мақта егістігінің 70-80 пайызы механикалық жолмен, қалғаны қолмен терілетін.

- Мақта жинайтын комбайнның құны қымбат, қарапайым шаруаның қалтасы көтермейді. Машина-трактор стансаларына (МТС) қайта ораламыз ба?

- Бұған мүдделі тараптар қызығушылық білдіргені дұрыс. Баяғы МТС-тер мемлекетке қолқабыс болатын. Мақта өндіруші шаруаға да, оны өңдеушілерге де тиімді. Қымбат болғанымен комбайн 5-7 жылда өз шығынын өтейді де кіріс келтіре бастайды. МТС-ты қалпына келтірген жөн. Бұл тиімді. Мақта өңдеушілерге. Кластерге. Салығы азаяды.

Мақта – стратегиялық шикізат. Сондықтан оның статусын бидайға теңестірген дұрыс болар еді. Сонда көптеген қиындықтарды жеңеміз. Қазақ мақтасын сатып әкетеді. Одан алынған матадан тігілген киімді өзіміз сатып аламыз. Шеттен, әрине. Мәселен Самарқанда тігін жабдықтарымен қамтамасыз етілген 22 кәсіпорын жұмыс істейді. Неге осындайдан үйренбеске.

- Біздегі мақта талшығы қысқа, ал шет елдерде ұзын талшық бағаланады. Бұл да ауа райына, климатқа қатысты ма?

- Ұзын талшықты өзімізде де өсіре аламыз. Мәселен, сол Мақтааралда. Ауа райы да қолайлы. Тұқымын жеткерсе болғаны.

Жер өңдеуге, төсін емуге бойымыз үйренді, төселіп қалдық.  Тек ынталандыру жағын мықтап ойластыру керек. Негізгі қолбайлау өнімді қайда өткізерімізді білмей аңтарылып қала беретінімізде. Шаруаларға, міне, осы жағынан көмектесу керек.

Өз ойларымды ешкімге міндеттемеймін. Ой бөлісуге ғана шақырамын.

- Жөн-ақ. Тәп-тәуір ой бөліскен сияқтысыз. Жаңа басылымға айтар қандай тілегіңіз бар?

- Шыны керек мақта шаруашылығына арналған басылымға, мұндай тұңғыш ықыласқа қуанып тұрмын. Осы беттен таймаңыздар, бұл керекті газет.

- Рахмет.

Сұхбаттасқан Сәрсен Бек Сахабат.

Прочитано 3091 раз Последнее изменение Воскресенье, 18 Август 2013 17:42
                 © Копирование информации разрешено с разрешения владельца сайта,
или с указанием активной гиперссылки на наш сайт, как на первоисточник информации