Первый Специализированный-Республиканский информационный Агро Вестник «СЕЛЬСКОЕ ХОЗЯЙСТВО КАЗАХСТАНА», тел. 8(7252) 53-69-45, моб. 8 747 881 81 97 / 8 701 275 10 25 E-mail: agrovestnik.kz@mail.ru


БАҚТЫБАЕВ Сайын, «Қазақмақта» ассоциациясы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы

Опубликовано в Жаңалықтар Пятница, 16 Август 2013 16:07
Оцените материал
(0 голосов)

- Сайын Рысбайұлы, қарбаластың үстіне тап келгендейміз. Маусымның 7-жұлдызында қазақ мақтасының отаны – Мақтааралда республикалық деңгейде салиқалы кеңес өткелі отыр.Соған дайындыққа жеңін түріп кіріскен сыңайдасыздар. Дегнемен уақыт қарбаласына қарамастан біздің ұсынысымызға келісіп сұхбаттасуға шырай білдіргеніңізге ілтипатымызды айтқымыз келді. Кеңесте қандай мәселе көтеріліп  талқыға түсетін болады?

- Өзіңіз де байқап үлгеріпсіз. Оның үстіне шаруа адамының сөзге шорқақтығы тағы бар емес пе. Бұл кеңестен күтеріміз мол. Ең бастысы «Мақта заңына» тиісінше толықтырулар ендірілетін болды. Бұл тыңғылықты дайындықты, байыпты көзқарасты, бірнеше жылға алдын ойлауды керексінетін ауқымды мәселе. Біздің мақсатымыз – шаруа қожалықтарына мейлінше тиімді қолғабыс жасау.

Еңбек адамына болыса білу де керек. Күнкөрісі мақта шаруашылығына байлаулы шаруа қожалықтарына. Қиындығын бөлісу. Жәй сөзбен демемей тығырықтан шығудың тиімді жолдарын қарастыру.

Республикалық кеңеске дайындық барысында облыс әкімшілігіне, облыстық ауылшаруашылық басқармасына барып, жұмыс кестесі мен тәртібін талқылап, келісімін алдық. Бекітіп берді. Үкімет пен депутаттар тарапынан да бұл жиынға ерекше мән берілуде. Арнайы келіп қатысатын болды. Қысқасы, іскерлік шарасына тап-тұйнақтай дайынбыз.

- Мақтаның да жақсы болмағы тұқымынан екен. Сондықтан тұқымдық шитті жақсарту шаралары жаппай қолға алынды. Ендеше, осы бағыттағы істің барысы қалай?

- Мемлекеттің қолдауымен ғылыми-зерттеу орталықтары Тәуелсіздік жылдары мақтаның тұқымдық шитін жақсартуға тиісінше мән беріп келеді. Бізде бұл мәселе 2003 жылдан бері дұрыс жолға қойылған. Тіпті «3044» атауымен айтулы сұрып қалыптасты. Өз жерімізге, топырақ кұнарына,  күнінің жылуына әбден төселген.

Алайда, тұқымдық шит бағасының жылдан жылға өсіп бара жатқаны басты қолбайлау. Қалтамыз көтермей барады, қолымыз қысқа, екі. Біздегілер негізінен ұсақ шаруа қожалықтары. Әркім өз қолында барымен күнелтіп бағуда. Осылайша жаңа технологияларға қолы жетпей қалады. Меніңше, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру кезек күттірмейтін мәселе.

Сонымен алға бастырмай қойған себептерді санамалағанда басты үш мәселеге назар аударғым келеді:

1. Тұқымдық шит бағасының шарықтап бара жатқаны.

2. Агротехникалық шаралардың ұқыпты сақталмайтыны.

3. Шаруа қожалықтарының ұсақтап кеткендігі.

Баға мәселесінде мынаны айтпасқа тағы болмайды. Қанша дегенмен әлемдік мақта сатып алатын биржаның бағасына тәуелдіміз. Әлемдік биржа күрт түсіріп жіберген бағаны өзіміз қалай көтере аламыз?

- Жерді тежеусіз пайдалану және мелиоративтік жақсарту жұмыстарының ахуалына тоқталсаңыз? Агротехникалық шаралардың жүйелі сақталмайтынын айтып та қойдыңыз. Жер де бапты тілейді емес пе?

- Агротехникалық шаралардың сақталмауына басты себеп те қолдың қысқалығында жатса керек. Жаңа технологиялық әдістеме - тамшылатып суарудың үлесі тым төмен. Тамшылатып суару арқылы жұмыс істейтіндер әр гектардан 45-50 центнерден өнім алып жүр. Әрине, 50 центнерден жоғары өнім жинауға неге болмасқа. Демек, бұл шек емес. Ал тамшылатып суару әдісін ендірмегендер 2-2,5 есеге дейін төмен өнім жинастыруда. Олар небәрі әр гектардан 25 центнерді місе тұтуда.

- Мақталықтардың бір жауы, кез келген егіс алқабындағыдай, зиянкестер болса керек. Бұл өзі дамылсыз жүріп жататын үйреншікті күрес. Олардың зияндылығы қай деңгейде?

- Зиянкестер мақталықтың өнімін 20 пайызға дейін құлдыратып жібереді: Сондықтан химикат тыңайтқыштардың орнына Мақтааралдағы биотыңайтқыш фабрикасының өнімдерін қолданып жүрміз. Тиімділігі көрінеу, әрі алыстан тасып әуреге түспейміз. Келешегінен үміт күтіп үйренген елміз. Қиыншылықтарды жеңерміз.

- Біздің облыста 22 кешенді мақта тазарту орындары бар екен. Бұларды пайдалану көрсеткішінде ілгерілеу бар ма. Олардың жылдық қүаты қандай?

- Лицензия алғандарының саны 22 болғанымен, олардың 17-і жұмыс істеп тұр. Жылдық қуатына келсек 750-800 мың тонна. Пайдалану көрсеткішіне тоқталсақ бәрі бірдей болмағанымен арасында 40-45 пайыздық көрсеткішке жеткендер бар.

Мұнымен тоқмейілсуге әлі де ерте. Бір зауыттың қуаты 60 мың тонна екенін ескерсек, онда өсе беруге міндеттіміз. Пайдалану көрсеткіші де жинақылықты, іскерлікті, ілкімділікті керексінеді. Мүмкіндікті мүлт жібермеу. Құры ұрандата бермей шаруаның көңіл күйімен санасу, тұрақты еңбекақымен қамтамасыз ету, тұрмысын жақсарту. Бұл айтуға ғана оңай, атқарыла беруге тиісті жыл сайынғы, күн сайынғы тіршілік.

- Мақтаның түрі-түсін өзгерту қолға алынды деседі...

- Бұл аса қиын шаруа емес. Әрине, мақтаның небір түстерін өзімізде өсіруге әбден болады. Сұраныс болған жағдайда. Тоқыма өнеркәсібі тарапынан. Өкінішке орай мата тоқуда ілгерілей алмай қалдық. Сондықтан бұл мәселеде асығудың қажетін көре алмай тұрмын.

- Жоғары өнім беретін мақта сұрыптарын өсіру жайында не айтар едіңіз?

- Мақтаарал тәжірибе стансасына барыңыз. Сауалыңызға жауап беруге лайықты кісілер сонда. Оларды өз ісінің нагыз шеберлері дегенді ғана айта аламын.

- Жерді игеретін ұсақ қожалықтарды біріктіріп ірілендірудің қажеттігіне сөз арасында ерекше мән бердіңіз. Сонда бұл күндері әр гектарға қаншалықты қаржы бөлінуде?

- Ұсақ қожалықтардың тиімсіздігі оның бытыраңқылығында, шашыраңқылығында болса керек деп санаймын. Әркімнің өз бетінше табыс тапқысы келетін уақытта өмір сүріп жатқанымызды өзім де жақсы түсінемін. Алайда, мол табысқа кенелудің төте жолы өнім беретін жерімізді дұрыс күтіп-баптау мен еңбекті ұйымдастырудың тиімді жолдарын қарастыру керек. Мұны ауызбірліксіз шешу қиын. Демек, табысқа жету, пайдаға кенелу құры сөз болып қалады. Мақта суды керексінеді. Алайда, суды үнемді пайдалануды жабыла қолға алуымыз жөн болар еді. Осыны көбірек насихаттап жүрміз. Субсидия бөлінгенде бұл мәселеге де көңіл бөлінеді. Тамшылатып суару әдісіне көшкендерге әр гектарына 40 мың теңге бөлінсе, суды жайып ескіше суаратындарға 15 мың теңге ғана бөлінеді.

- Әлемнің 66 елі мақта өсіреді екен. Қазақ мақташыларының көрсеткіші қандай? Кеуделі межеден көріне аламыз ба?

- Мақта өсіруден Қытай алдына жан салмайды. Бұған негіз жетерлік: әлденеше ғасырлық тәжірибесі бар, аса бағалы стратегиялық шикізат көзі екенін жете бағалайды, шаруашылықтың дәстүрлі бір түрі. Осы елден мақта өсіру де, оқ-дәрі мен қағаз жасаудың да дәстүрі бастау алады емес пе. Бізде мақта өсіру өткен ғасырдың 30-жылдары ғана қолға алынды. Мырзашөлді игере бастаған кезеңмен тұспа тұс келеді. Бұл мәселеде Сұлтанбек Қожанов, Абылай Серғазиев сынды Алаш қайраткерлерінің үлесі мол. Кеңестік республикалар құрылысымен мақта шаруашылығын өркендетудегі басымдық Өзбекстан республикасына берілді. Тіпті мақта танаптарын көбейтуге бола Орталықтың қазақ жеріне ауыз салғанын ел жақсы біледі. Мұны қайталап жатпаймын.

Түзетулер мен толықтырулар өмірдің өз талабы. Қалыпты жұмыс процесі.

Тәуелсіздік таңы атты бағымызға! Қазақ мақтасы бүгінде мақта өсірушілер арасындағы екінші ондықтың жуан ортасына ілікті. Таяу күндері Мақтааралда өткелі отырған республикалық кеңестен күтеріміз мол. Мақсат айқын: қиындықтарды жұмыла жүріп жеңе білсек, біз бағындыратын биіктер де жоғарылай бермек. Ылайым соған жазғай!

- Республикалық кеңеске, жалпы мақташылар қауымына табыс тілейміз, тілеулестік білдіреміз. Өрге өрлесін Қазақстан тәуелсіздігі, уақытыңызбен, ойыңызбен бөліскен Сәке сізге рахмет айтамыз.

Сұхбатты жүргізген Сәрсен Бек Сахабат.

Прочитано 3526 раз Последнее изменение Воскресенье, 18 Август 2013 17:43
                 © Копирование информации разрешено с разрешения владельца сайта,
или с указанием активной гиперссылки на наш сайт, как на первоисточник информации